цпаси, цпаси нур отан, нур отан, центр, центр политического анализа и стратегических исследований, аналитический центр, центр нур отан, аналитический центр партии нур отан, политика, цпаси нур отан

Руслан Пірназар, эксперт Отдела правовой аналитики Центра политического анализа и стратегических исследований при партии «Нұр Отан»

Қызметшілік әдебі – кәсіптік әдеп саласында ең кең тараған ұғым. Біз мұның шеңберінен белгілі бір мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін адамның кәсіптік, өндірістік және қызметі жағдайындағы өзін өзі ұстауының жалпы нормаларын, құқықтары мен принциптерін көреміз. Қызметке тұрған кез келген адам онда атап көрсетілген нормаларды бұлжытпай орындауға тиіс. Өйткені, кез келген адам үшін мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенім болып табылады. Ал норма тармақтары тым көп емес. Оның басым бөлігі нақты іс-әрекетке байланысты нақтылай түсуді керек ететіндей етіліп, жалпылама сипатта жасалады.

Мемлекеттік қызмет әдібінің басты талабы – тәртіптілік. Мұның мағынасы еңбектің ерекшелігі мен мазмұнына қарай айқындала түседі. Бірақ оның бәрінің негізін жұмысқа деген дұрыс көзқарас пен жауапкершілік қалайды. Нормаға сай, өндірістік мақсаттағы іс-әрекетті жүзеге асыру бағытында жұмыс жасайтын қызметшіден материалдық ресурстарды сақтау талап етіледі. Ал бұл игілік алуан түрлі болуы мүмкін.

Қызметте жеке тұлғалар арасындағы мәдениеттілікке құрылған сыпайы қарым-қатынас орнатылуы керек. Бұл ретте қызмет етуші адам жұмыс барысында өзге қызметкерлермен сөзге келіп қалмау жағын көбірек көңіл бөлетін болсын. Бұлай болмаған күнде екі адамның арасында туып кеткен кикілжің мен ұрыс-керіс қатарлас жұмыс жасап жатқан басқа қызметкерлерге тікелей және жанама түрде залалын тигізер еді.

Мемлекеттік қызметкердің кәсіби әдебінің негізгі принциптері қандай? Енді соған келейік. Ең алдымен кез келген мемлекеттік қызметкердің кәсіби әдептілігінің бастау алар көзі гуманизм қағидатына құрылуға тиіс екенін айтқымыз келеді. Бұл дегенің әрбір жеке адамға құрметпен қарау, оның қайталанбайтын тұлға және өзінше бір құндылық екенін түсіну болып табылады. Ал гуманизм принципі қашаннан жеке тұлғаға белгілі бір қажеттілікті өтеудің құралы ретінде қараудан сақтандырады. Былайша айтқанда, оларға өзіне «керек адам» немесе «керексіз адам» деп бағалаушылық тұрғысынан келуге жол бермейді.

Әдетте гуманизм принципі кәсіптік оптимизм қағидатымен ұштасып жатады. Демек, мемлекеттік қызметкер кәсіптік міндеттерін орындауға тиісті болғандықтан ғана атқарып қоя салмай, өзінің қабылдаған шешімдері мен жүзеге асырған істерінің мемлекетті дамытуға, демократия принциптерін, заңдылықтар мен тәртіпті нығайтуға қосылған үлес болатын жағын көбірек ойластыруы қажет. Міне, осы сенім адамның өз бойындағы барша ізгі ниеттер мен адал пейілді одан әрі дамыта түсуіне жол ашып береді. 

Мемлекеттік қызметкер атқаратын кез келген іс-әрекет, әсіресе, оның тікелей адам баласына бағытталатын жұмыстары әрдайым белгілі бір идеядан қанат алып, жоғары деңгейде жүзеге асырылғаны абзал. Осыған орай, мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби әдебіне патриотизм принциптерін де қосып алуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде атап көрсетілгендей, «Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді». Әлбетте, Отанға деген зор сүйіспеншілік басқа елдерге, басқа халықтарға менсінбей қарауға негіз бола алмайды. Бұл жерде ежелгі грек ойшылы Аристотельдің әр нәрсенің орта деңгейін таба білу керектігі жөніндегі нақылына бақсақ, патриотизмді ұлттық даңғойлық пен кемсітушілік, барлық шетелдіктер алдында жалбақтау секілді екі шектің ортасынан іздестірген ләзім. Шынайы патриотизм өзге халықтардың жетістіктеріне түсіністікпен қарауға үйретеді.

Мемлекеттік қызметтегі әдеп әр алуан негізгі функцияларды атқарады. Бұлар ақпараттық функция, жекелей және топтық мінез-құлық модельдерінің стандарты функциясы, әлеуметтік бақылау және әлеуметтік ықпал ету функциясы, психологиялық қолайлы ахуал жасау функциясы болып бөлінеді. Әдептілік нормалары мемлекеттік қызметшіге белгілі бір қызметтік жағдайда өзін қалай ұстауы керектігі және сол кезде өз әріптестерінен, бастығынан немесе қарауындағылардан нені күтуге болатыны жөнінде ақпар береді. Этикет ұжымның әрбір мүшесінің мінез-құлқын белгілі бір стандартқа сала отырып, өмірдегі нақтылы жағдайларға сәйкес қолайсыздықтарға немесе қиын сәттерге ұрынудан, басқаларға қарым-қатынасты шиеленістіріп алудан сақтандыра келіп, ешбір ойланбастан өзін өзі ұстау желісін дұрыс таңдап алуға көмектеседі. Қарым-қатынас жасаушы тараптардың қалыптасқан әдеп қағидатын ұстанулары олардың өз іс-әрекеттері дұрыстығына деген сенімдерін нығайтып, өздерін өздері құрметтеу сезімін туғызады, психологиялық жағынан қанағаттанушылық қалпын жасап береді.   

Мемлекеттік қызмет жүйесінде әдептілік нормаларын сақтау айрықша маңызды орын алады. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы мемлекеттік қызметшілердің мәдениеті мен мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған ережелер мен нормаларды анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің 2015 жылдың соңына дейін күшінде болған әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) бекітіп берді. Ал қазіргі мемлекеттік қызметшінің моральдық-адамгершілік келбеті мен іскерлік қабілетіне деген талаптың күшейіп тұрған жағдайында аталмыш саладағы заңды қоғам тарапынан мемлекеттік органдарға деген сенімнің көтерілуіне ықпал жасайтын етіп жетілдіріп шығу міндеті алға қойылып отыр.

Мемлекет басшысы осы орайда өзінің «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» ұлт жоспарында жаңа мемлекеттік қызметшінің жаңа әдеп кодексін талдау жолымен жаңа әдеп ережелерін жасап шығару, сондай-ақ әдеп мәселесі жөніндегі өкіл лауазымын ендіру міндетін алға қойды. Аталмыш міндетті жүзеге асырудың қорытындысы Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсанда бекіткен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және  мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» қаулысы негізінде қабылданған,  2016 жылғы 1 қаңтардан күшіне енген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары)» болды. Жаңа әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталды. Онда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс кездегі мінез-құлқы, қызмет жағдайындағы мінез-құлқы, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеуі, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында көрінуі жалпы стандарттары белгіленді.

Әдептілік кодексінің нормалары мемлекеттік қызметшінің моральдық-әдептілік бейнесіне айрықша, сонымен бірге орындауға болатын талап-тілектерді қояды. Ал мемлекеттік қызметшілер мемлекеттің бет-бейнесі болып табылады, сондықтан ол көпшілік алдында қоғамдық орындардағы мінез-құлық әдебінің жарқын үлгісі, өміршең өнегесі болуға тиіс. Бұл ретте мәдени мінез-құлықпен байланыстағы мәдени қарым-қатынас ұғымы мемлекеттік органдар қызметкерлер қарым-қатынасының өзіндік барометрі болып көрінеді. Мінез-құлық нормаларын білу, өз әрекетінде төзімділік көрсетіп, өзіне-өзінің бақылау жасай алу, жұртқа көңіл бөліп, құрметтеу адамдардың мінез-құлқының жақсы, мәдени деңгейінің жоғары екенін байқатады.

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға тиіс екенін атап көрсетеді. Мұның арғы жағында олардан адал, әділ, қарапайым болу, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қорғау, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұру, қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру, заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау талап етіледі.

Айта кетуіміз керек, мемлекеттік қызметшіге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру белгілі бір жағдайларда, қызметтен тыс уақытта қоғамдық орындардағы мінез-құлыққа байланысты жүзеге асып жатады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс. Олар қарапайым болулары, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуі және пайдаланбауы керек. Сондай-ақ өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуі жөн.  

Кодексте мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс екені айтылған. Сол сияқты мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз діни көзқарасын ашық көрсетуіне болмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.

Мемлекеттік органдар жүйесінде мемлекеттік қызметке алғаш келіп отырған жас мамандарды тәрбиелеуге айрықша мән беріледі. Олардың моральдық-әдептілік бейнесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс өзіне айрықша мән беруді талап етіп, мәселеге формальды тұрғыдан келуге болмайтынын білдіреді. Осыған байланысты Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке тұрғаннан кейін үш күн мерзім ішінде осы құжаттың мәтінімен жазбаша нысанда таныстырылуға тиіс екені қарастырылған. Мұның өзі салаға жаңадан келіп отырған жас маманның жауапкершілігін бастапқы күндерден қалыптастыра бастауға бағыт ұсталатынын көрсетеді. Бұл дұрыс та. Себебі, мемлекеттік қызметтегі жұмыс қай елде де барынша жоғары мәнді де маңызды болып саналады.

Поделитесь этой информацией в социальных сетях